Аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіздіктің алтын ғасыры» атты тақырыптық кеш «Көктем қазақ орта мектебінің» жоғарғы сынып оқушылары мен ұстаздарының, мектеп басшылығы мен кітапханашылардың қатысуымен өткізілді. Шараны мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Н.Карабалиева құттықтау сөз сөйлеп ашты. Кеш барысында тарих пәнінің мұғалімдері Т.Ізмұқанов, Х.Абдрахманова сөз сөйлеп, арысы қазақ хандығынан бастап берісі егемен елдің іргесіне дейінгі көшті саралап өтті.

Шараның жүргізушісі оқырманға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Г.Азанова бостандыққа ұмтылған сонау хандық кезеңнен бастап, қолмен жасалған аштық нәубеті, ұлт зиялыларының репрессияға ұшырауы, Ұлы Отан соғысындағы қазақтардың өшпес ерлігі, Тәуелсіздікті ту еткен қазақтың жалынды жастарының 1986 жылғы Желтоқсандағы көтерілісі туралы тарихи-дәйектемелі сюжеттерді экран арқылы көрсете отырып, оқушыларға мол мағлұмат берді. Еліміздің сан ғасырлық тарихында мақтаныш тұтар бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар, кеудемізге қиналғанда үміт отын жағар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар жайында сөз етті. Шара барысында 8-сынып оқушысы Г.Өмірзақова «Желтоқсан алаңы» өлеңін оқыса, тақырыпқа орай жасақталған «Ұлт өрлеуінің даңқты дәуірі» атты кітап көрмесіне кітапханашы Ж.Сұлтанова шолу жасады. Шара соңы өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімін қалыптастыру мақсатында «Көк тудың желбірегені» әнімен қорытындыланды.