Мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-ы сынағына сапалы дайындығын ұйымдастыру мақсатындағы аудандық әдістемелік апталық шеңберіндегі шаралар тізбегі 2018 жылдың 18 қаңтары күні Жамбыл атындағы орта мектеп базасында физика, математика пәні мұғалімдерінің семинарымен жалғасты. Аудандық шарада аталған пән мұғалімдері өздерінің шығармашылық жұмыстарын таныстырып, керемет тәжірибе алмасу жүзеге асты.
Оқушыларының сапа көрсеткіші жоғары Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің мұғалімдері К.Сариева мен А.Сағызбаева әріптестеріне интербелсенді әдістер арқылы сынаққа дайындаудың тиімділігін, жалпы математикалық сауаттылыққа үйретуде онлайн репетиторлардың көмегіне жүгінудің пайдалы тұстарын және интернет желісіндегі элоктрондық дәптерлер мен Ресейлік ұстаз Анна Малкованың видеосабақтарын қолдану тәжірибелерімен бөлісті. Бұл жұмыс қатынасушылар үшін тың ақпарат болды. С.Сейфуллин атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі ДүДуйсекенова ҰБТ -ы тапсырмаларының спецификасына тоқталып, ІІ-ІІІ деңгейлі тапсырмалардың күрделілігіне тоқталып, оларды орындаудағы оқушыға қиындық келтиретін есептермен жұмыс жолдарын көрсетті. Жамбыл атындағы орта мектептің мұғалімдері С.Искакова мен Р.Какимғалиева өткізген коучингте үш деңгейдегі есептер шығарылып, берілген бірнеше жауап нұсқасынан есепті шығармай-ақ жауабын табудың жолдарын көрсетті. Коучинг кезінде ой-пікір айтқан ұстаздар таңдау пәнінде физика-математика сынды күрделі, есеп шығаруы уақытты көп алатындығы да сапаға әсер ететіндігін қынжыла жеткізді. Аудандық апталық кезіндегі шараларда оқушылардың мамандық таңдаудағы тұрақсыздығы, көбіне ата-ана ықпалы басымдау боп жататындығы жиі айтылуда. Дегенмен Жамбыл атындағы орта мектептің шығармашылық бағыттағы мамандықты таңдап отырған ХІ сынып оқушыларының ұйымдастыруымен өткен "Мамандық таңдау - өміріміздің бір кірпішін дұрыс қалау" тақырыбындағы шара аталған мектепте бұл бағыттағы жұмыстың жақсы жолға қойылғандығын көрсетті. Оқушылардың мамандық таңдауына сынып жетекшілері, мектеп психологтары, тәрбие жұмысымен айналысатын орынбасарлар кәсіби қолдау таныта алған. Семинар қорытындысымен жасалған SWOT талдауда ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Бөлім әдіскері М.Туремуратова Bilimland.kz білім ресурсында мұғалімдерге жақсы көмекші материалдар бар екендігіне тоқталды. Семинар жұмысын қорытындылаған әдістемелік кабинет меңгерушісі Р.Даулетова жасалған жұмыстардың тиімді тұстары мұғалімдер үшін үлкен көмек болғандығы кері байланыстан аңғарылғандығын атап көрсетті.