Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін ұстаздарға әдістемелік, психологиялық, моральдық, тәжірибелік көмек өте қажет. Осы тұрғыдағы жұмыстарды ұйымдастыруда мектеп тренерлері мен координаторлары ауқымды шаралар жүргізуде.
Индер ауданы мектептерінде 31 мұғалім тренерлік, 18 мұғалім координаторлық курстан өтіп, өздеріне жүктелген міндеттерді атқаруда шығармашылықпен еңбектенуде. 2016-2017 оқу жылында "Тәжірибедегі рефлексия" тақырыбымен аудан мектептерінде өткен мектепішілік тренерлік курстан 262 мұғалім өтіп, куәлік алса, 2017-2018 оқу жылында 226 мұғалім өтуде.
Мектеп координаторлары қалыптастырушы бағалау бойынша мұғалімдерге әдістемелік шараларды бірнеше бағытта жүргізуде. Мектеп тренерлері мен координаторларының бүгінгі, яғни 23 қаңтар күнгі білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен мәжілісінде 2018 жылы үш бағытта жоспарланған жұмыстар талқыланды. Оларды өткізу форматы мен жауапты модераторлары белгіленді. Өздерін ойландырып жүрген мәселелер ортаға салынып, ұсыныстар айтылды. Жоспарланған аудандық шаралардың мақсаттар мен міндеттері белгіленген мәжілісті қорытындылаған әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Р.Даулетова қатынасушыларды өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нормативтік құжаттармен таныстырды.