Жаңартылған білім беру бағдарламасымен білім алатын сыныптарға сабақ беретін ұстаздарға әдістемелік, тәжірибелік, моральдық, әріптестік қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын шаралар жоспар бойынша жалғасуда.

Осы мақсаттағы "Критериалды бағлау - оқу жетістігінің өлшемі" тақырыбымен Блум таксономиясы негізіндегі талдау семинары "Орталық" тобындағы мектеп мұғалімдері үшін Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп базасында 2018 жылдың 24 қаңтары күні ұйымдастырылды. Бөлім әдіскері М.Туремуратова, М.Әуезов атындағы орта мектеп мұғалімдері Ш.Рахметова мен С.Жаймуханова, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп мұғалімі К.Сариева, С.Сейфуллин атындағы орта мектеп директорының орынбасарлары С.Акишева мен А.Оспановалар өткізген тренинг, шеберлік сабағы мен коучингке мұғалімдер ықыласпен араласты. Интербелсенді әдістерді тиімді қолдана отырып әріптестеріне теорияны практикамен ұштастыру арқылы БЖБ, ТЖБ тапсырмаларын, дескрипторлар мен рубрикалар дайындау, оған сараптама жасау, модерация жүргізудегі түйткілді мәселелерді бірігіп анықтап, ортақ жауап таба алуға мұмкіндік жасалды. "Критериалды бағалау жүйесіндегі қауіп-қатерлер және олардың алдын алу шаралары" тақырыбымен сауалнама жүргізген "Көктем" қазақ орта мектебінің координаторы Ж.Абилова оның нәтижесіне жасалған сараптама арқылы мұғалімдердің тәжірибелерінің жетілуіндегі даму көрсеткішінің қазан айындағы деңгейден өсіп отырғандығын жеткізді. Тәжірибе алаңындағы жұмыстарға рефлексия жасаған әдістемелік кабинет меңгерушісі Р.Даулетова жасалған жұмыстардан мұғалімдер өздеріне қажетті ақпаратты ала алғанын атап өтіп, шығармашылық жұмыстарын ортаға салған ұстаздарға аудандық білім бөлімінің сертификаттарын табыстады.