Индер ауданы мектептерінің деңгейлік курстан өткен мұғалімдерінің "Желідегі байланыстың көшбасшы іскерлігін қалыптастырудағы маңызы" тақырыбындағы ІV аудандық форумы биыл тәжірибелік алаң ретінде ұйымдастырылды.
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп базасында өткен форум жұмысына қатынасушылар жоспарға сәйкес белгіленген төрт бағыт бойынша тәжірибелерін ортаға салды. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдердің жұмыс нәтижелері, олардың әріптестеріне жетекшілік жасаудағы біліктіліктері, жаңартылған білім беру мазмұны талаптарына тез бейімделулері баяндамашылардың сөзінде жақсы көрініс тапты. Жеті модуль бойынша атқарылған жұмыстардан презентациялар қорғалып, әдіс-тәсілдер бойынша шеберлік сағаттары өтті.
Баяндама мен презентацияда "Орталық" және "Еуропа", "Есбол" тобының жұмыстары, "Кері байланыс- пікірлер алаңында" "Азия" және "Орталық" тобының жұмыстары сәтті болды. Форум барысында тәжірибелерін ортаға салған О.Дилмұқашева, Қ.Жардемова, С.Ешмұхамбетов, Г.Жалмұқашева, К.Көккөз, Н.Темирова, Г.Әжібаева, Н.Қыстаубаева, А.Оспановалардың жұмыстарына кері байланыс кезінде қатынасушылардың жоғары бағалағандары анықталды. Н.Қыстаубаева жүргізген кері байланыс әдісінің тиімділігі форум жұмысына толық сараптама бере алуында болды. Форум қорытындысымен қатынасушыларға білім бөлімінің Алғыс хаттары табысталды. "Тәжірибедегі рефлексия-жаңа өзгерістерге бетбұрыс" тақырыбымен баяндама жасаған "Көктем" қазақ орта мектебінің директоры Орынша Матайқызы Көшбасшы-Ұстаз Жұмағалиева Сымбат Хайдарқызы атындағы жүлдеге ие болып, білім бөлімінің Дипломымен марапатталды.
Форум жұмысынан түйген ой, алған әсер, бөліскен тәжірибе жаңа бастамаларға жетелесін, құрметті әріптестер!