Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Индер аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен "Латын әліппиіне көшу - рухани жаңғырудың негізі" тақырыбындағы шара М.Сиранов атындағы орта мектеп базасында мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері және мектеп кітапханашыларының қатысуымен өтті.

Шара барысында Аққала орта мектебінің кітапханашысы С.Қуанышкереева "Латының алфвитінің тарихынан", М.Сиранов атындағы орта мектептің мұғалімі Ж.Ибрашева "Латын әліпбиіне көшу - ұлттық құндылықтардың баспалдағы", Махамбет атындағы орта мектеп директорының орынбасары "Латын алфавитіне көшудің тарихи қажеттілігі" тақырыптарымен мазмұнды баяндама жасады. Пікір алмасу жұмысына белсене араласқан қатынасушылар О.Хихимов, Ж.Ермекбаева, Н.Тоғаев, Ұ.Атимова баяндамада айтылған ойларды толықтыра түсті. Семинарды аудандық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Р.Даулетова қорытындылады. Аудандық шараға қатынасушылар: латын әліпбиіне көшу кезеңінде болатын өзгерістер мен қиындықтардан қорықпауға, эволюциялық жолмен жүретін үдерісте мұғалімдерге жүктелетін жұмыстарды орындауда жоғары жауапкершілік таныту қажеттілігіне маңыз берді. Сонымен қатар қазірден бастап мектепте ата-аналар мен оқушылар арасында бұл бағыттағы жұмыстарды насихаттау мәселесіне де тоқталды. Жаңа алфавитті әлі де сын елегінен өткізіп, оған қатысты ережелерді, орфография мен орфоэпия заңдылықтарының дұрыс жасалуы маңызды деген де пікір білдірді.